Спандияр Көбеев (1878-1956)
Өткен ғасыр
басындағы қазақ әдебиетінің ірі, белгілі
өкілдерінің бірі - белгілі жазушы, майталман педагог Спандияр
Көбеев. Ол ғасыр басындағы қазақ
әдебиетінде көркем прозаның қалыптасуына ерекше
еңбек сіңірді. Шығармашылық сапарын орыс
халқының классикалық әдебиеті үлгілерін аударудан
бастаған ол өзінің де көптеген төл туындыларымен
қазақ әдебиетіне үлес қосты, Әсіресе
"Қалың мал" және "Орындалған арман"
атты мемуарлық романдарының өзіндік орны бар.
С.Көбеев тек жазушы
ғана емес ұлы педагог та. Өзінің ұстазы
Ы.Алтынсарин сияқты С.Көбееев те ағартушылық идеяларын
өз творчествосының өзегі етумен бірге, педагогтық қызметі
арқылы да тікелей жүзеге асырды. Өзі өмір сүрген
дәуірдегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің
тарихында С.Көбеевтің көрнекті орны бар. Қазақ
жерінде ашылған алғашқы орыс мектептерінен тәрбие
алған ол өзінің барлық саналы өмірін туған
халқының мәдениеті мен білімі жолында ілгері ұмтылуына
жәрдемдесуге арнады. Жаңа үлгідегі қазақ
мектептерінде сабақ беріп, жас ұрпақты мәдениет пен
әдебиетті үйренуге баулыды.
С.Көбеевтің ұстаздық
ағартушылық еңбегі төңкеріс алдындағы
қазақ қоғамының артта қалған мешеулік
жағдайында басталады. Өзінің
көзі ашық замандастары сияқты Спандияр да сол
қоғамдағы құрылыстың тоза бастағанын
көрді, оның жаңаруы қажеттігн түсінді. Олар осы
жаңарудың жолы елді ағарту, білім-өнер жолына
түсу деп ұғынды. Сол қоғамның ұнамсыз
жақтарын аяусыз сынай отырып, олар бүкіл шығармашылық
еңбегін ағартушылыққа негіздеді. Спандияр да
көркем әдебиеттің надандыққа, феодалдық
салтқа қарсы құрал ретінде пайдаланды.
С.Көбеев - екі
дәуірді өз көзімен көрді. Ол 1878 жылы 1 қазанда
Қостанай облысының, Меңдіқара ауданында дүниеге
келген. Ол алғаш ауыл молдасынан білім алады, 1887 жылы екі жылдық
мектепке түседі. Ы.Алтынсарин ашқан бұл мектепті 1892 жылы
бітіріп, одан әрі Қарағайлы көл деген жердегі
төрт жылдық болыстық мектепке түседі. Болашақ
жазушы білімін толықтыру мақсатымен Қостанай
қаласындағы екі кластық орысша-қазақша мектепке
түсіп, оны 1897 жылы бітіріп шығады. Әртүрлі
себептермен басқа қалаларға барып оқи алмаған ол
тағы да Қостанайдағы екі жылдық мұғалімдер
даярлайтын курсқа түсіп, оны 1900жылы бітіріп шығады.
Мұғалімдік право алған Спандияр енді өзі оқытушы
болып, қараңғыда қалғып жатқан
сахараға, туған өлкесіне білім сәулесін шашуды
мақсат етеді. Жазушы өзінің бұл ойын кейін былай деп
еске алады: "Алдымда туып өскен ауылым. Мәдениеттен кенже
қалған қараңғы ауыл. Сол ауылда қолымнан
келгенінше мәдениет шамшырағын жақпақшымын. Бір кездегі
өзім сияқты кіршіксіз таза, уыз тілекті жас жеткіншектерді
оқытып, олардың көзін ашып, ғылым жолына,
мәдениет соқпағына түсіремін деп асығып
келемін".
Ол алғаш өз ауылында
оқытушы болып, одан әрі 1901 жылы Қостанайдан мың
километрдей қашықтықтағы Ырғыз уезіндегі
Кішіқұм деген жерге
оқытушы болып барады. Бұл жерде алуан түрлі
қиындықтарға кездеседі. Ы.Алтынсарин әдісімен бала
оқытып, төзімділік танытқан ол уақыт өте келе
бүкіл ауылдың ақылшысы, тәрбиешісі болады. Ұстаз
Көбеев ауыл адамдарына география, жаратылыстану, тарих ғылымынан
т.б. салаларынан түсінік беріп отырады. Соымен қатар Чехов, Гоголь,
Пушкин шығармаларының мазмұнын түсінікті етіп, қазақшалап
ауызша айтып беріп отырады.
1903-0905 жылдары Петропавол
уезіндегі Нілді болыстық мектебінде оқытушы болады. Одан кейін
Петропаволдағы екі кластық орысша-қазақша мектепке
ауысып, ол жерде 1910 жылға дейін қызмет істейді. Осы қалада
жүргенде Крыловтың көптеген мысал өлеңдерін
аударып «Үлгілі тәржімә"
деген атпен Қазан қаласындағы Каримовтар баспасынан 1910 жылы
шығарады.
Спандияр Көбеев енді
балалары үшін хрестоматия жасауға кіріседі. Сөйтіп,
өзінің ұлы ұстазы Ы.Алтынсарин үлгісімен
дайындалған кітабын "Үлгілі бала" деген атпен 1912 жылы
жариялады. "Хрестоматияны құрастырғанымда - деп жазды
автор - негізгі ойлаған мақсатым, көздеген нысанам - жас
ұрпақты өнер-білімге, әдебиетке, адамгершілікке
тәрбиелеу еді".
Ол 1901 жылдан бастап
өмірінің соңына дейінгі (1956) 55 жылын ұстаздық
қызметке жұмсады. Совет үкіметі тұсында сол
ұстаздық еңбегінің мол жемісін көрді, көп
құрметке ие болды. Кеудесіне екі рет Ленин орденін тақты
(1939, 1949ж.ж.), Қазақ ССР Жоғарғы Советінің
депутаты болып сайланды, "Қазақ ССР мектептерінде еңбек
сіңірген мұғалім" атағын алды.
С.Көбеевтің
қазақ әдебиетінің тарихындағы үлкен орны -
оның революциядан бұрынғы әдебиетте прозаның
тууына, ондағы роман жанрының қалыптасуына сіңірген еңбегімен
байланысты. 1913 жылы Қазанда
басылған жазушының "Қалың мал" романы
қазақ әдебиеті тарихында алғашқы көлемді
прозалы туындылардың бірі болып саналады.
Қазіргі
тұрғыдан қарағанда бүгінгі ірі-ірі романдары бар
әдебиеті үшін "Қалың мал" үлкен
құбылыс болмауы мүмкін. Бірақ оның туған
кезі, дәуірі, сол кездегі өрісі мен жанрларының
тұрғысынан қарасақ, оның маңызы, тарихы
айқын танылады. Роман тақырыбы - әйел теңсіздігі.
Романда ескіліктің қалдығы саналатын әдет-ғұрптар
өткір сыналады. Бас кейіпкер Итбай бейнесі - сатиралық типтік
образ. Оның қасында жүретін сыбайластарының бейнесі де
осы жолмен жан-жақты ашылады. Сонымен қатар бұл романда келе
жатқан жаңа қоғамның жаңа адамдарының
бейнесі де шындықпен суреттелген, әсіресе жаңашыл бейне
Қожаштың күрескерлік іс-әрекеттерінің
мән-маңызы ерекше зор. Бас бостандығы жолында шыңдалып,
жеңіске жеткен қазақ қызы Ғайша образы да ерекше
сомдалған. Сол кездегі Ғайша мен Қожаш бейнелері жаңа
заман ағымымен ерекше үндесіп, жас ұрпақ,
азаттыққа ұмтылған жастар санасын оятуда өлшеусіз
роль атқарады.
Спандиярдың өмір
сүрген дәуірі - ХХ ғасырдың бас кезі - тарихта
әлеуметтік революциялардың дәуірі, бостандық үшін
күрестің ұшқыны алғаш рет жалынға
айналған дәуір. 1905 жылғы буржуазиялық
демократиялық революция ұлт-аймақтарындағы
ой-пікірлердің жандануына да әсер етті. "Елден
шыққалы 20 шақты күн болып қалды - дейді
романның кейіпкерлерінің бірі Байғазы би - Бас ауылнай
жағына барып, съезд құрып келеміз. Елде дау-жанжал
мұндай көп болар ма? Ел де бұзылып біткен ғой...
Әсіресе жесір дауы-ақ көп екен. Күйеуін менсінбеген қыз,
байынан айырылған келіншек... Күрекеңнің
(Құрымбай) пышағы май үстінде, қалтасы
толған шығар".
Осы сөздердің
өзі-ақ сол кездегі ауыл өміріндегі қозғалысты
анық байқатады. Мұның бәрі - қаймағы
бұзылмаған феодалдық салттың күйреуге бет алуы
еді. "Қалың мал" осы жағдайдағы
жастардың бас бостандығы үшін күресін көрсетеді.
Жазушы феодалдық қоғамның қызды әйелі
өлген кәрі шалдарға сатуын айыптап, ал жастардың
сүйгеніне қосылуына тілектестік білдіреді және оны
қоғамдық, әлеуметтік теңдік үшін
күрестің бір бөлшегі есебінде қарастырады. Жастар тек
сүйгеніне қосылу үшін ғана емес, елге, әсіресе
кедейлерге жасалынып жатқан зорлыққа да қарсы бой
көтереді. Бұл идея романның негізгі образдары арқылы
көрінеді. Тұрлығұл байдың Медеу руына (кедейлер
тобы) жасаған зорлығын суреттей келіп ол: "Әй, бишара
кедей-ай. Саған да атар таң, шығар күн бар ма
екен?" - деп күйінеді.
Бұрын прозасы
дамымаған елде мәдениетті шығарма жасау оңай емес еді.
Роман жазуға Сұлтанмахмұт та талпынды, бірақ
табиғаты ақын адамның аузына өлең орала береді
де, қалыптасып қалған дәстүрі бар
өлең жолдары Сұлтанмахмұт прозасына әр жерден
араласып отырады. Спандияр романы бұл тұрғыдан
тұтастығымен бағалы. Ол роман жазуға
қазақтың әңгімешілдік өнері мен орыс
прозасының үлгілерін қабат пайдаланды. Әсіресе
ескілікті сынауда Гоголь сатирасының сарыны ерекше байқалады. Итбай
образы - бұл тұрғыдағы жазушының елеулі табысы.
Бас кейіпкердің бірі -
Итбайдың малдан басқа көрері де жоқ. Оның
бойындағы даңғойлық, мақтаншақтық мінездері
де оның баюға, сол жолмен "беделге",
"абыройға" жетудегі арманы. Итбай образы -
малқұмар, қарау, адамдық қасиеттен, адамгершілік
сезімнен жұрдай болған, ұсақ мінезді, дарақы
жанның бейнесі. Ол өз бойына сол заманның жексұрын
сипаттарының барлығын жинап алған. Романдағы
ұнамсыз кейіпкердің бірі - Тұрлығұл. Жазушы
оның сыртқы тұлғасын "Ұзын бойлы, мес
қарын, түксиген қалың қабақты, көп
сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам
қаймыққандай, елге зәбірлі, көршілеріне
мазақ, қатты мінезді адам еді",-деп суреттейді. Осы образ
арқылы жазушы кейбір қазақ байларының топастығын,
надандығын шынайы көрсетті, әрі аяусыз әшкереледі.
Жазушының кейіпкер
даралаудағы табыстары, шығарманың тілі де біз үшін аса
бағалы. Сондықтан да "Қалың малды"
қазақтың алғашқы
романдарының бірі деп атап, оның тарихи орнын зор
бағалаймыз. Оның қазақтың реалистік
бағыттағы демократтық, ағартушылық
әдебиеттегі орнын М.Әуезов өзінің "Орыс реализмі
және қазақ әдебиеті" атты еңбегінде былайша
атап көрсетті: "Көркемдік түрі жағынан
жетіспеушіліктері бола тұрса да, бұл роман идеялы-прогрессивті
бағыты жағынан сыншыл реализм элементтерін бойына жинақтай
білген шығарма болды. Рулық, феодалдық
құрылыстағы, әйелдерді қанауды, қазақ
ауылындағы әлеуметтік жауыздық - байлар үстемдігін
айыптаушылық бұл шығармаға ерекше мән береді
және оны өз заманының елеулі құбылыстарының
қатарына қояды" деп жазады академик М.Әуезов.
Жалпы алғанда бұл
романды оқушы, жастар өте қызығып оқиды. Ол
қазақтың сол замандағы көптеген жастарына,
ұлдары мен қыздарына зор әсер етті. Олардың ой-санасын
оятып, бойын сергітіп, ескілікке, ескі әдет-ғұрыпқа,
заң-дәстүрге қарсы күреске, қазақ
әйелінің бас бостандығы, теңдігі үшін
күреске құлшындырды..
"Қалың
малдан" кейін С.Көбеев ұзақ жылдар бойы
денсаулығына, басқа да себептерге байланысты жазудан қалып
қойды. Тек 50 жылдардың ішінде ғана педагог жазушының
"Орындалмаған арман" атты мемуарлық кітабы жарық
көрді. Бұл жазушының өткен жолы, оның
дәуірі, өскен ортасы туралы шығарма. Онда автор революция
алдындағы қазақ ауылындығы таптық күрес
жайлы. Төңкеріс арқылы жаңа даму жолына түскен
қоғам жайлы әңгімелейді. Сол негізде автордың
өсу жолы, көзқарасының қалыптасу жолы
көрінеді.
Мұның бәрі
С.Көбеев тек ағарту майданында ғана емес, қазақ
әдебиетінің тарихында да елеулі орны барын дәлелдейді.
Өз дәуірінің прогресшіл талап-тілектеріне жауап беруге
хал-қадірінше жауап беруге тырысқан, сонымен қатар орыс,
еуропа мәдениетінің де жаршысы бола білген, және ең
бастысы ұлттық әдебиетіміздегі алғашқы
романдардың бірін жазған С.Көбеев есімі ХХ ғасыр
басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің
тарихынан өзіне лайықты құрметті орын алады.
"Үлгілі
тәржіма" - "Күйеу таңдаған сұлу
қыз", "Емен мен талшыбық", "Маймыл мен
айна", "Шымшық пен көгершін", "Маймыл мен
көзілдірік", "Аққу, шортан һәм
шаян", "Көлбақа мен өгіз",
"Қарға мен түлкі", "Қасқыр мен
қазы", "Құмырсқа мен шегіртке",
"Есек пен сандуғаш", "Екі төбет" т.б.
"Үлгілі бала" -
"Қайырымды бала", "Біздің көрші",
"Түскі тамақ пен кешкі тамақ", "Әкесі
мен баласы", "Құстың ұясы",
"Сауысқан мен қарға",
"Құмырсқа мен көгершін", "Есек",
"Түйе", "Үй құстары" т.б.